Түркиядағы «Қазақстан күндерінде» Анкара мэріне Бердібек Сапарбаевтың атынан шабан жабылды

Бөлісіңіз

Түркиядағы «Қазақстан күндерінде» Ақтөбе қаласы мен Анкара-Кечиөрен муниципалитеті арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Сонымен бірге, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары түрік жұртына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сәлемін жеткізіп, мэрдің иығына шапан жапты, деп хабарлайды «Тілші» «Жас алашқа» сілтеме жасап.

Айта кетейік, Түркияда «Қазақстан күндері» өтті. Шара барысында Анкара қаласында Неджип Фазыл атындағы драма театрда қазақ əдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы повесть желісімен режиссер А.Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмі көрсетілді.

«Қазақстан күндері» аясындағы іс-шаралар барысында Астана қаласының 20 жылдығына арналған дөңгелек үстел де өтті. Жиын соңынан Ақтөбе қаласы мен Анкара-Кечиөрен муниципалитеті арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.

«Қазақстанның мәдениет күндері» шеңберінде қазақтың жас суретшісі, өнертанушы Кәрім Байғұтовтың «Сапырылысқан әлем» атты жеке көрмесі ашылды. «Қазақстан күндері» «Калаба Кент» алаңында «Қазақстан кеші» концертімен жалғасын тапты. Кеш барысында Ақтөбе облыстық Ғ.Жұбанова атындағы филармониясының «Достық сазы» және «Аққу би ансамблі өнер көрсетті. Концерттік бағдарламадан кейін Елші А.Сапарбекұлы Кечиөрен муниципалитетінің мэріне алғыс айтты.

Ақтөбе қаласының әкім орынбасары түрік жұртына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сәлемін жеткізіп, мэрдің иығына шапан жапты. Сонымен қатар, Анкарадағы «Антарес» сауда орталығында «Астананың 20 жылдығы» концерті ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар назарына қазақ халық музыкасы мен патриоттық шығармалар ұсынылды.

«Қазақстан күндері» ары қарай Малатия, Афшин қалаларында жалғасын тапты. Малатия қаласындағы концертті тікелей эфир арқылы 1 миллионнан аса адам тамашалап, орталық алаңда өткен шараға Батталгази муниципалитетінің мэрі Селахаттин Гүркан арнайы қатысты. Афшин муниципалитетінің мэрі Меxмет Фатиx Гүвен де қонақтарды құшақ жая қарсы алып, Қазақстан өнері мен мəдениетіне жергілікті тұрғындардың қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *