Жеке клиникалар тегін медициналық қызмет көрсетуде

Бөлісіңіз

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2017 жылы алғаш рет кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сатып ала бастады. Медициналық қызметті сатып алу жұмысына енгізілген бірқатар өзгерістердің арқасында, халыққа тегін қызмет көрсетуге ниет білдірген жеке медициналық клиникалардың қатары артты. Нәтижесінде, биыл еліміз бойынша 602 жеке меншік медицина мекемесі тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетуде.

Ақтөбе облысы бойынша тегін медициналық қызмет көрсететін 64 медициналық мекеме болса, соның 22-сі жекеменшік медицина мекемелері. Медицина бизнесін мемлекеттік бағдарламаға енгізуде Ақтөбе облысы -Алматы, Астана, ОҚО, Шығыс Қазақстан өңірлерінен қалыс қалмай, жақсы нәтиже көрсетіп тұр. Темір жол ауруханасы, Еуразия, Медикер Елек, Дару секілді жеті клиника — стационарлық, күндізгі стационар қызметтерімен қоса тұрғындарды тіркеп, халыққа тегін амбулаториялық-емханалық қызмет көрсетуде.

Сонымен бірге Интертич, Ақниет, Әйгерім, Көзжарығы, Көзқарас сынды, қызметі елдің көңілінен шығып жүрген мекемелер, кепілдендірілген тегін медициналық пакетіне кіретін қызметтердің бірнеше түрін көрсетуде. Яғни, Ақтөбе облысының тұрғындары жоғарыда аталған клиникаларда белгілі медициналық қызметтерді жолдамамен тегін ала алады деген сөз. Биылғы жылы тегін пакетке кіретін қызмет саны 1900 ге жуық. Қазақстан бойынша мемлекеттік, жеке меншік клиникаларды қоса есептегенде 1380 медициналық ұйым халыққа тегін қызмет көрсетуде. МӘМС жүйесінің көздегені де, ақысыз медициналық қызмет көрсететін жеке меншік клиникалардың санын арттырып, мемлекеттік пен медициналық бизнес арасында бәсекелестік алаңын орнату, ертеңгі күні сапалы медицинаға қол жеткізу.

Дертті асқындырып алмас үшін емханалық қызметтің сапасын көтеріп, азаматтарды кез-келген аурудың алдын-алуға дағдыландыру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Денсаулығымызды күту, уақытылы қаралу бүгінгі күні медицина саласына жұмсалып отырған шығынды барынша азайтар еді. Статистикаға сүйенсек жұртшылық созылмалы ауруы әбден асқынып, шұғыл көмек қажет болғанға дейін қаралмайды.

Елімізде жыл сайын 3 миллионға жуық адам ауруханаға түссе, соның 68 пайызы дәрігер көмегіне ауруын әбден асқындырып барып жүгінеді. Яғни, әрбір 10-шы отандасымыз өміріне қауіп төнген кезде ауруханаға түседі деген сөз. Тіпті, тегін көмек көрсетілген күннің өзінде олар бағасы қымбат болып келетін күрделі процедураларға қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады. Шын мәнінде, тиімділігі жоғары, көп шығынды қажет етпейтін диагностикалық процедуралар арқылы мұның бәрінің алдын алуға болар еді.

Биылғы жылы республика бюджетінен денсаулық сақтау саласына бөлінген 917 млрд теңгенің 318 миллиарды емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілді. Бір сөзбен айтқанда жоспарлы ем, шұғыл көмектен әлдеқайда арзанға түседі. Тегін емделу мүмкіндіктері жайлы толығырақ — Медициналық сақтандыру қорының FMS.kz сайтынан оқуға болады. Сайттан жеткізуші компаниялар мен тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізімі де бар. Немесе, ақпаратты жергілікті «ӘМСҚ» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының 97-23-22 байланыс телефонына қоңырау шалып білуге болады.

Ақпаратпен бөліскен:

Г.Б. Қожаниязова

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *