Роза Рымбаева Әли мен Мәдиді қалай ер жеткізгені жайлы айтып берді — TILSHI.KZ

Роза Рымбаева Әли мен Мәдиді қалай ер жеткізгені жайлы айтып берді

Бөлісіңіз

Ақтөбеге гастрольдік сапары кезінде Роза Рымбаева ұлдары Әли мен Мәдиді қалай ер жеткізгені туралы айтып берді, деп хабарлайды «Тілші». Әнші екі баласының да бүгінде кәсіби музыканттар екенін атап өтті.

Роза Қуанышқызы кезінде емізулі баласы Әлиді концерттерінен қалай қалдырмай алып жүргенін еске алды.

«Ауылдық жерлерге шықсам да, үлкен қалаларда өнер көрсетсем де, Әлиді алып жүретінмін. Тонға орап, ұйықтатып кетемін. Кейде асығып жүріп ұмытып кеткен кездер де болды. Бірде стадионда атымызды айтып, хабарлап жатыр екен. Барлығымыз тұра жүгірдік. Концерт аяқталған соң да, Әлиді ойламаппыз. Сәлден соң бәріміз жабылып іздедік. Сөйтсек, аспаз әйелдер Әлиді алып, тамақ берген, сүт берген. Баламыз ұйықтап жатыр екен. Содан, «бермейміз, орнына құн төлейсің» деп тұрып алды. Небір қызықтар өткен басымыздан», — деп еске алды Роза Рымбаева.

Ал, екінші ұлы Мәдиді көбіне Әлия мен Мәншүк есімді Розаның өкіл қыздары бағып бергенге ұқсайды.

«Мен Әлия мен Мәншүк есімді екі қызды асырап алдым. Екеуін де өз шаңырағымнан ұзатып, тойларын жасап бердім. Иә, мен оларға көмектестім. Ол екеуі маған көмектесті. Жалпы, қазақта балалар бірін-бірі сүйреп жүреді ғой. Мен білсем, ұлты қазақ кез келген өнер адамы бауырларын жетелеп жүреді. Ол қанымызда бар қасиет», — дейді Роза Рымбаева.

Әнші Мәдиге өз фамилиясын бергенін тілге тиек етті. Өзінің де есімі ұрпақтарында қалса деген ойдан туындағанын жасырмады.

«Кішкентайында қыздар Мәдиді теледидардың алдына отырғызып, менің концертімді қосып береді екен. Видео аяқталғанда бала анасын іздеп жылай бастайды. Қыздар әлгі видеоны тағы айналдырып қояды. Оны мен қанша жыл өткеннен кейін, жақында естіп білдім», — дейді Роза Қуанышқызы күліп.

Бүгінде Роза Рымбаеваның екі ұлы да кәсіби музыкант.

«Әли он екі жыл бойы фортепианода ойнап келеді. Ән жазады. Ал, Мәди бір айдан соң қолына құжатын алып, кәсіби пианист атанады. Екеуі де кәсіби білім алды, екеуі де кәсіби музыкант. Болашақта жақсы әндер шығарып, қазақ өнеріне өз үлесін қосады деп сенемін. Мен екеуіне де сенемін», — деді Роза Рымбаева Қобда ауылында берген концертінде.

Айта кетейік, әншінің Ақтөбе облысындағы концертін M-Pro Entertainment орталығы ұйымдастырды.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *