Батыр Әлияның ауылына табан тіреген әнші Роза Рымбаева осы өлкедегі батырлардың рухына құран бағыштады

Бөлісіңіз

Танымал әнші Роза Рымбаева батыр Әлияның ауылында ат басын бұрын, қайырымдылық ретінде тегін концерт берді, деп хабарлайды «Тілші». Екі сағатқа созылған концертке көрермен сыймай, терезеден сығалап тұруға тура келді. Халықтың ықыласына бөленген әнші Әлияның кіндік қаны тамған өлкеде ерекше сезімде жүргенін бірнеше рет айтты.

Қобда ауданында ол Әлия ауылындағы патриоттық орталықта болып, ауыл тұрғындарымен, оқушылармен кездесті. Олармен естелікке түсті. Орталық қызметкерлері Әлия Молдағұлова музейін аралатып, батыр қыздың туғаннан өлгенге дейінгі өмірі туралы айтып берді. Роза Рымбаева орталықтағы естелік кітапқа қолтаңба қалдырды.

Әнші мешітке бас сұрып, батырлар рухына құран бағыштады. Өз кезегінде, мешіт имамы Роза Қуанышқызына қасиетті құран кітабын тарту етті.

«Маған ауылдың қарапайымдылығы, адамдары қатты ұнайды. Соның ішінде қазақ халқы момын келеді. Тап осындай мешіт қалаларда жоқ шығар. Тұрғындар келіп, мінәжат етсе, намазын оқыса, рухани әңгіме айтса, керемет емес пе?!», — деді ол.

Аудан орталығына келгенде әкім Мейрамбек Шермағамбетов соңғы жылдары тұрғызылған ескерткіштерді көрсетті. Қонақтар батыр қыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Орталық саябақты аралаған соң, қонақтар аудандық мәдениет үйін бетке алды.

Тегін концертті көруге асыққан жұрт залға сыймай, терезеден сығалап тұрды. Халықтың ерекше ықыласына бөленген Роза Рымбаева тек сапалы музыка, жанды дауыста орындайтынын жеткізді. Аңызға айналған әндерімен қоса әнші репертуарындағы жаңа әндерді де ұсынды.

«Ақтөбеде үлкен Өнер орталығы салынды деп жатыр. Амандық болса, сол жерде үлкен концерт беремін», — деді әнші.

Айта кетейік, әншінің үлкен концерті 5 мамырда Ақтөбедегі Өнер орталығында өтеді. Шараны «М-Pro Entertainment» компаниясы белгілі меценат, депутат, қоғам белсендісі Сергей Вишняктің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Сонымен қатар, Әлия ауылына сапарды ұйымдастыруға облыстық ішкі саясат басқармасы, Қобда ауданының әкімдігі мен Кеңес Жаңабаев қолдау білдірген.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *