Қытайдан Ақтөбеге қоныс аударған қандасымыз мүгедектігіне қарамастан кірпіш құю цехын ашып алды

Бөлісіңіз

Қытайдан Ақтөбе облысына қоныс аударған Далайхан Бақыш мемлекеттің оралмандарға көрсететін барлық жеңілдіктерін алғанын айтады. Дегенмен, төрт балалы үлкен отбасының арқа сүйер азаматы екінші топтағы мүгедек ретінде берілетін жәрдемақыны місе тұтып, қарап жатқысы жоқ, деп хабарлайды «Тілші».

Қытайдағы оқу жүйесіне сай мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүргенде-ақ етікшілік, мал дәрігері мамандықтарын игерген ол туған жерде де етікшілікті кәсіп етіп, өз ісін ашуды ұйғарыпты. Етік тігіп, біраз нәпақа тапқан Далайхан кәсібін кеңейтіп, кішігірім кірпіш зауытын ашады. Қазірдің өзінде өзі тұратын Хромтау ауданының  Көктал елді мекенінің тұрғындарын аталмыш құрылыс өнімімен толық қамтамасыз етіп отыр.

«Қарамағымда кірпіш құятын 3 құрылысшы бар. Ауылдастарымыз да, осында жұмыс жасайтын компаниялар да кірпішке тапсырыс беріп жатады. Жұмыс жетеді. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмай алға ұмтылған дұрыс деп ойлаймын», — дейді ол.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасынан хабарлағандай, бүгінде Далайхан Бақыш қаржылық сауатын жетілдіріп, кәсібін кеңейту үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес өсу» курстарын өтіп жатыр екен.

«Бизнес өсу» — «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына сәйкес «Бизнес мектеп» жобасы бойынша оқыту әдістемесі», — деп хабарлайды өңірлік кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметінің өкілі Асылгүл Айдарова «Тілшіге» берген сұхбатында.

Осы бағыттағы оқытудың алғашқы сатысы «Бизнес-кеңесші» деп аталады.  Мұнда кәсіпкерлер– бизнесті жүргізудің әліппесін үйренеді деуге болады, яғни кәсіпкерлік қызметтің не екенін, оған қалай келу керек, қандай психологиялық дайындығы болу керек деген сияқты ұғымдар туралы түсінік беріледі. Сонымен қатар, бизнесті сауатты жүргізудің алғышарттары болып саналатын – тіркеу, салық төлеу, есептер тапсыру, смета жасау, жалақыны есептеу, т.б. үйретіледі.

Оның айтуынша, келесі саты «Бизнес өсу» курсына жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады. Онда кәсіби біліктілікті жетілдіру, таңдаған бағыттар бойынша өсу жолдары көрсетіледі. Ол үшін түрлі сауалнамалар жүргізіліп, кәсіпкерлердің бизнесінің нарық талаптарына қаншалықты сай екендігі анықталады, түрлі кедергілерді жою туралы кеңестер беріледі.

 

Сондай-ақ, «Атамекен» палатасы екі ай мерзімді қамтитын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған «Жобалық оқыту» курсын өткізеді. Бұл жоба бойынша оқыту қазіргі таңда сұранысқа ие 1) тігін цехы, 2) наубайхана, 3) ауыл шаруашылығы, 4) интернет,  5) білім беру мекемелерін ашу секілді бағыттар бойынша жүргізіледі. Дәрісті тәжірибелі кәсіпкерлер теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра отырып өткізеді. Бұл – кәсіпті жаңа бастап немесе кәсібінің бағытын өзгертемін деген кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.

Бұдан әрі кәсіпкерлер шетелде тағылымдамадан өткізуге арналған «Іскерлік байланыстар» және тікелей өндірісте кеңес беру үшін жоғары білікті шетел мамандары арнайы шақырылатын «Аға сеньорлар» атты курстардан өтулеріне болады.

«Соңғы кезде Бизнес сабақтарын өтуге ниет білдіргендердің саны біршама артып келеді. Наурыз айының басында өткізілген «Бизнес-кеңесші» курстарына 100 ден аса адам қатысты. Дәл қазір «Бизнес өсу» жобасы өтіп жатыр. Қатысушылар жаңа идеялар мен тың ізденістер табуға талпынып бағуда. Біз өз тарапымыздан қажетті кеңестерімізді беріп жатырмыз» — дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Сәлима Мұқанова.

Еске сала кетсек, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге ұдайы және ақысыз түрде қызмет көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *