Болған оқиғаның желісімен: Ақтөбе драма театры «сақалдылар» жайлы кезекті атышулы премьераны ұсынбақ

Бөлісіңіз

Ақтөбе драма театры 15 жасында теріс ағымда жүрген жігітпен бас қосқан Айжанның (есімі өзгертілді — ред.) тағдыры туралы қойылым ұсынбақ, деп хабарлайды «Тілші».

Жолдасы оқуға кеттім деген желеумен Мысыр асып, кейін Сирияда көз жұмады. Бір баласын құшақтап, Айжан елде қала береді. Өзге жақта құрбан болған ақтөбелік жігіттің өз елінде беделі артып, жесірі далада қалмайды, оны қалыңдық етіп тағы бір жігіт алады.

«Ақтөбеде болған атыс-шабысқа (5 маусым, 2016 ж. — ред.) қатысқан екінші күйеуі бүгінде жазасын өтеп жатыр. Келіншектің одан да бір баласы бар. «Үлкен сұрақ» деген атпен спектакль әзірледік. Ұсынысымызды жергілікті билік қолдады. Режиссері — Мейрам Хабиболла. Сценарийді Асылбек Ноғаев деген шымкенттік автор жазып берді. Қойылымды сахнаға облыстық драма театрының актерлары алып шығады», — дейді жалпы идеяның авторы әрі бастамашысы, «Аңсар» орталығының жетекшісі Жандәулет Сүлейменов «Тілшіге» берген сұхбатында.

Теріс ағымнан ұшты-күйлі бас тартқан Айжаннің бүгінде беті бері қарап, ханафи мазхабына толыққанды өтті. Қазіргі таңда қоғамдық жұмыстармен айналысады. Қойылымның мазмұнымен таныс. «Аңсар» орталығы өмірде болған жайтты сахнаға шығарғалы отыр. Мақсаты — халыққа ой салу,

«Ата-анасынан бас тартқан келіншек кейін олармен қайта қауышты. Көп жайтқа басқаша қарайтын болды. Қойылым жексенбі, 25 ақпанда облыстық драма театрында сағат 19-00-де өтеді. Кіру — тегін», — дейді Жандәулет Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін де облыстық драма театры әзірлеген «Есігімді қаққан кім?» қойылым аншлагпен өткен болатын. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың ұйытқы болуымен қойылған туынды облыс аудандары мен өзге облыстарда сахналанды.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *