Әлішер Садық: Ақтөбеде жастармен жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың жұмысы сын көтермейді

Бөлісіңіз

Әлішер Садықтың амбициясы, ертеңгі күнге деген сенімі, жақсылық пен қайырымдылық жасауға ұмтылысы, еңбекқорлығы кез-келген адамды сүйсіндіреді. Әлішер – 2014 жылы Ақтөбеде құрылған “Жүректен жүрекке” еріктілер тобының топ жетекшісі. (Сұхбат ақтөбелік тәуелсіз «Керек инфо» газетінен алынды)

Әлішер, “Жүректен жүрекке” еріктілер тобы бүгінде Ақтөбеде тыным таппай, мұқтаж жандарға көмек беріп жүр. Естуімізше, бұл жоба ең алғаш Атырау қаласында бастау алған. Солай ма? Топтың қалай құрылғаны, оның құрылуына не түрткі болғаны жөнінде толығырақ тарқатып берсең…

“Жүректен жүрекке” еріктілер тобының негізгі түп тамыры Атырау қаласында түйнек жарды десек те болады. Ең алғаш қайырымдылық жасауды ойлап, жоспар құрып, дәптерлеріне түсірген төрт атыраулық жастың кейін қазақ жастарына үлгі болатынын ел ол кезде білмеген еді. Біздің арнайы белгіміздегі мейірімді жүрек ұсынған 4 адам сол игі ортаның негізін құраған жандар еді. Есімдері: Әмина, Серікбай, Мақсот, Таңшолпан. Керемет бастаманы көріп қызыққан, біздің топты құрушы Әмина Жылқыбаева Ақтөбеде де осы топты көркейткісі келеді. Бала кезден “қайырымдылық жасасам” деген арманын жүзеге асырмақ болып, бірге оқитын группаластарымен кеңеседі. Қолдау тапқан бастама Ақтөбе жерінде осылай дүниеге келген. Бұл 2014 жылдың 5 қарашасы болатын. Ең алғашқы шараны қарттар үйінен бастадық. Қыздар өздері жасаған қолөнер бұйымдарын саудалап, түскен қаражатқа домбыралар сатып алып, көңілді концерт ұйымдастырып, көңілі жадау қарттарымызды мәз-мейрам еттік. Домбыраларды ата-әжелерге сыйға тарттық.

Бұндай топтар қай қалаларда бар және олардың ішінде Ақтөбедегі топтың тыныс-тіршілігінде қандай ерекшелік бар? Құрамында қанша жас бар?

Негізгі бағыт қайырымдылық жұмыстарымен айналысамыз. Осындай топ негізі Қазақстанның 10 қаласында құрылған болатын. Бірақ бүгінде ең белсенді жұмыс атқарып жүрген — біздің Ақтөбедегі тобымыз. Жыл сайын Атырау қаласында өтетін қорытынды кештерде біздің облыстың еріктілері «Үздік топ», «Үзді топ басшы», «Үздік ерікті» деген номинацияларды жеңіп алып отырады.

Сіздер үнемі әлеуметтік желілерде есеп беріп отырасыздар. Әрбір істеріңізден хабардармыз. Ауруханада жатқан балаларға жеміс-жидек апарасыздар, жетімдер үйінде концерт қоясыздар, аудандарды аралайсыздар. Сұрағымның төркіні түсінікті шығар?

Біздің әрбір жұмысымыз қаржыны қажет етеді. Тіпті ол шағын шара болса да, жолымыз, кәдесыйларымыз үшін ақша керек. Басында өзіміз қолдан бұйымдар жасап сататын едік, кейде қалтамыздан шығарған күндер де болды. Әр түрлі акциялар мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Арасында жергілікті кәсіпкерлердің де көмегі тиіп жатады. Оларды да өзіміз арнайы іздестіріп, мән-жайды түсіндіреміз. Кейбіреуі көмектеседі, кейбіреулер әдемі сөзбен шығарып салады. Бір сөзбен айтқанда, өз күнімізді өзіміз көріп, бірді бірге жалғап, күн кешіп жатырмыз.

Шыныңызды айтыңызшы, еріктілердің құрамына қосылғысы келетін жастар көп пе әлде мүше бола сала, бас тартатындар жиі кездесе ме? Топ мүшелеріне қандай талап қоясыздар? Өзіңіз жұмыс істейсіз. Сабақ пен жұмыс арасында уақыт қалай табасыз? Әлде көбісі ЖОО бітірген жастар ма?

Еріктілер тобы құрылғанда құрамында 17-ақ адам болған. Қазіргі таңда топ құрамында 100 ерікті жас бар. Әрбір жақсылыққа ниеті бар жанды топқа қабылдаймын. Ең бірінші белсенділік пен жауапкершілікті талап етемін. Барлығына уақыт табуға болады. Бізде мектеп оқушылары, колледж бен университет студенттері де бар. Жұмыс жасайтын жастар да бар. Тіпті ең үлкен еріктімнің жасы 50-де.

Сіздер өздеріңіз дәл қазіргі таңда қандай да бір көмекке мұқтажсыздар ма? Қандай қиындықтар кездесіп жатады?

Әрине, бізге қолдау әрқашан керек. Сенесіз бе, әлі күнге дейін алдағы уақытқа жоспар құратын, тұрақты жиналып жұмыстары-мызды ақылдасатын орындарымыз жоқ. Ең басында құрылған сәтте қысы-жазы саябақта жиналып, шұрқырасып отыратынбыз. Күн жылы ғой. Қыста қиын. Барлық топ мүшелерінің басын қосып жинайтын шағын ғимаратқа қол жеткізу қиын болып тұр. Сондай-ақ, көп шараларды ұйымдастыруға қол байлаулы. Қайырымдылық турнирін өткізуге спорт зал, шаралар өткізуге арнайы орталықтарды ала-алмай жатамыз. Бірақ ондай қиындықтарға мойымаймыз. Еңсемізді көтеріп, топты жігерлендіреміз. Әрбір нәрсені сылтау етіп қала берсек, қоғамға түк пайдамыз тимейтін еді.

Топтың құрылғанына 3 жылдан асыпты. Осы жылдар ішінде қандай істер тындырдыңыздар? Жыл сайын Жаңа жыл алдында өздеріңізге есеп бересіздер ме? Қатты әсер еткен қандай оқиғалар болды және жас-тар арасында жақсылық жасап жарысайық деген ниет көбейді ме?

«Жүректен жүрекке» еріктілер тобының ұйымдастыруымен осы күнге дейін 100-ден аса қайырымдылық жәрмеңкелері, айтыс өнері, концерттер ұйымдастырылып, нәтижесінде мұқтаж және сырқат жандардың еміне 5 000 000 теңге көлемінде қаржылай көмектестік. Ерікті жастардың түйірлеп сатқан тәттісі мен суық күнде жасаған саудасы мүгедек жандардың сауығып кетуі үшін жасалып, олардың ем-домдарына жұмсалды. Есбергенова Инабаттың үйіне заман талабына сай жөндеу жұмыстарын жасадық. Арнайы қайырымдылық акциясы өткізіліп, түскен қаражатқа құрылыс материалдарын сатып алдық. Сабақ пен жұмыстан босаған сәттерде түн ортасына дейін жұмыс жасап, 4 күнде толықтай жөндеу жұмыстарын аяқтадық. Көше тазалығындағы қызметкерлерге ыстық бәліш пен шай да тараттық.

Көктемгі су тасқыны кезінде, Қарағанды қаласында болған апатты жағдайда да зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және басқа да тұрмысқа қажет заттар бердік. Қаладағы су тасқыны кезінде біздің ерікті жастардың көмегі зор болды. Көшеттер отырғыздық. Қалалық балалар ауруханасына, «Алға», «Жайсаң», «Үміт» балалар үйіне, Темір, Шұбарқұдық, Хромтау, Қурайлы, Қобдадағы отбасы үлгісіндегі балалар үйіне барып, сыйлықтар жасап, қуыршақ театрының қойылымдарын апарып, әр түрлі ойындар мен спорттық жарыс-тар ұйымдас-тырдық.

Қала, аудан мешіттерінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, Рамазан айларында тегін құрма мен су, нан тарату акцияларын өткіздік. Ауызашар дастархандарын жайдық. Енді айта берсем көп. «Домбыра party», «АсықParty» ұйымдастырдық. «Жүректен жүрекке» тобының қайырымдылық шаралары Мәртөк, Темір, Мұғалжар, Ырғыз аудандарында да жүзеге асырылды. Есеп беру үрдісін биыл ғана қолға алдық. Белсенді, еңбегі сіңген жастарды марапаттадық. Бізге қол үшін берген жандарға алғысымызды білдірдік.

Бізге де алғыс айтып, ағынан жарылған халық көп болды. Мен үшін қатты әсер еткен екі жағдай болды. Бірі – өзі мүгедек болса да, қоғамға пайдасын тигізген Қобылан Қанатбай ініміздің аяқ асты дүниеден өтуі. Ең алғаш топ құрылғанда қамқорлығымызды сол баладан бастағанбыз. Кейін арбамен жүрсе де, біздің қатарымызда болып, бірге атсалысқан. Екіншісі — топ басшымыз Әминаның қызметінің Алматыға ауысуы болды. Өзінің қалауымен, барлығының таңдауымен мені басшылыққа тағайындап, топтың қызметін тоқтатпай, алға бастап жүруімді аманат етіп кетті.

Түрлі кедергілерге қарамастан, ойға алған жоспарларыңыздың бәрін іске асырып келесіздер ме?

Шыны керек бізде жоспар көп, бірақ мүмкіндік аз. Тиісті жерлерден бұдан да көп қолдаулар болса, әлі де халыққа қызмет қылуға болады. Тек қана жастарды қайырымдылыққа тартып қоймай, оларды рухани жағынан тәрбиелегіміз келеді. Атқарған жұмыстарымызды насихаттап, халықты қайырымдылық жасауға шақырғымыз келеді.

Енді өзіңіз туралы айтыңызшы…

Мен негізі Ырғыз ауданының тумасымын. Ең үлкен жетістігім ата-анамның тәрбиесі деп білемін. «Әрқашан елден қарғыс алма, алғыс ал» деген тұмарлы сөздері санамда әлі күнге жаңғырып тұр. Бұрын ойлайтынмын: қайырымдылық жасау үшін, мол қаражат пен байлық керек деп. Олай емес екен. Жүрегіңде кішкене мейірім болса, қаражаттың да қажеті шамалы. Басында қол ұшымды беру үшін топқа келгенде, кейін осындай үлкен ортаға айналады деген ой есіме кіріп шықпады. Өзім Қ.Жұбанов атындағы университетті «металлург» мамандығы бо-йынша тәмамдадым. «Жүректен жүрекке» еріктілер тобын оқу арасында дүкенде күзетші боп істеп жүргенімде, сондағы сатушы қыздан естідім. Ол қыз маған Әмина туралы айтып, топқа шақырды. Содан бері еріктілер тобындамын. Бүгінгі таңда қалалық ақпараттық сайтта тілшімін. «Жүректен жүрекке» бұл — менің ортам.

Еліміз бойынша еріктілер қозғалысының қарқыны қандай деп ойлайсыз? Баға бере аласыз ба?

Еріктілілер қозғалысында даму бар. Бірақ тұрақты емес. Ақтөбенің өзінде біз құрылғаннан бастап, 6-7 еріктілер тобы құрылған болатын. Қазір 2-3 топ ғана қалды. Оларға меніңше, жастармен айналысатын мемлекеттік органдардың тиісті көмектері, қолдаулары жетіспейді. Оларды қызықтыратындай шараларды көп жасау керек, ұйымдастыру керек. Басқа облыстармен салыстырғанда біздің облыстағы жастармен жұмыс жасайтын мемлекеттік орындардың деңгейі төмендеу. Мұны ашық айтуымыз керек.

Сұқбатыңызға рахмет! Сіздердей жастар көп болсын!

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *