Ақтөбе облысының әкiмi Б.Сапарбаевтың назарына!

Бөлісіңіз

Қытайлық компаниялар улап жатыр (АШЫҚ ХАТ)

Ақтөбе облысы қазбаға қаншалықты бай болса, улы қалдыққа да соншалықты бай. Соңғы жылдары аймақтағы мұнай өндiрушi қытайлық компаниялар мен оның серiктестерi (ЖШС-ТОО) жердiң асты-үстiнiң астан-кестеңiн шығаруда. Тау-тау мұнай қалдықтары мен септиктер төгiлген сай-сала, ой-шұңқырға ауылдың малы жайылады, адамы су iшедi. Қытайлардың қылмысты iстерiн дәлелдейтiн фото, бейне айғақтар жетерлiк. Бұл аз болғандай Арал апатты аймағына жақын Байғанин ауданының ауылдарын ауыр тұздардың топырақты ластауын да шамадан тыс сезiнуде.
Ендi байлыққа қызыққан шетелдiк инвестор ең алдымен, бiздiң экологияны емес, өзiнiң қалтасын қампайтуды ойлайтыны түсiнiктi. Себебi мұнай компаниялары үшiн бiраз қаржы жұмсап, Кенқияқтағы арнайы полигонға апарып төккенше экологиялық айыппұлды төлеп тастаған, өндiрiстiк қалдықтарды далаға төге салған олар үшiн әлдеқайда арзанға түседi. Төл табиғатқа осындай өгей көзқарастың салдарынан ауамыз ластанып, даламыздың айтақыр­ға айналатын жайы бар.
Экология министрлiгiнiң және жергiлiктi дептартаментiнiң құрамында “Қалдықтармен жұмыс iстеудi реттеу басқармасы” бар. 2010–2020 жылдарға арналған “Қазақстан экологиясы” деп аталатын мемлекеттiк бағдарлама қабылданған. Бағдарламаға сәйкес өндiрiстiк мұнай қалдықтарын залалсыздандыру шараларын басқару жөнiндегi жұмыстар облыстық жергiлiктi өкiлеттi орган – мәслихаттар құзырына жүктелген (ЭК 19-бап). Өкiнiшке қарай, ауданнан сайланған аудандық, облыстық мәслихат депутаттары бұл мәселеде самарқау. Мүйiздерi қарағайдай, аттары жер жаратын зиялымыз деп жүрген депутаттарымыз қаншама уақыт өттi халық арасына келiп, көптiң дабылына құлақ асып, араша түскен емес. Жергiлiктi “табиғат қорғау прокуратурасы” мен “қоршаған ортаны қорғаушы экология” басқармасындағылар үнсiз.
Құрметтi С.Б.Машбекұлы! Айтарымыз, мұнай өндiрушi Байғанин ауданының ауылдары бүгiнде экологиялық ауыр жағдайды басынан кешiруде. Нәтижесiнде ауданның халқы тоналған мұнайдың зиянды қоқыстарының үстiнде жүр. Мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасының негiзiнде мұнай компаниялары тарапынан қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тiкелей немесе жанама әсерi болуы мүмкiн кез-келген заң бұзушылыққа тыйым салу облыстық әкiмдiктердiң құзыретiне берiлген (Экологиялық Кодекс 33–36-бап, 20-бап, ­ 2-т) едi ғой.
Бiз аудан халқы осы жайларды жария ете отырып, қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзғандарға заң аясында шара қолдануды, кiнәлiлердi лицензия­сынан айыруды сұраймыз.
Байғанин ауданы Қарауылкелдi, Қаражар, Қазақстан, Ноғайты ауылдарының тұрғындары:
А.Нұрлан, К.Иманалин, А.Қарымсақов, Т.Сарбаев, Т.Құматов, А.Избаев, Н.Сисенбай,   Б.Едiген, Ә.Ташқағанбай.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *