Туған жерінде бір апта демалған Димаш Қытайға қайта оралды

Бөлісіңіз

Әнші Димаш Құдайберген бір апта бойы туған жері Ақтөбе қаласында демалды. Ол Қытайдағы турнесін қайта жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Димаш Құдайберген жаңа жылдан соң Ақтөбе қаласына келді. Ол туған-туыстарымен, достарымен, ұстаздарымен кездесті.

«Елге аз күнге демалысқа келген Димаш балам уақыт тауып келіп, сәлем беріп кетті. Қуанышымызда шек жоқ. Қарапайымдылығыңнан, адами қасиеттеріңнен, тәрбиелілігіңнен айналдым, сендей баланың. Мақтанамын! Аман бол! Сәттілік қайда да серігің болсын, алтыным менің!» — деді Димаштың ұстазы Марат Әйтімов.

Айта кетейік, Ақтөбеге демалуға келген кезінде Димаш Құдайберген шетел төлқұжатын жасатуға халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Сонымен қатар, туыстарымен кездесті. Уақытының басым бөлігін демалысқа арнаған әншіні фанаттары әуежайдан күтіп алып, жолға шығарып салды.

«Димаш демалыс алып, үйге келді. Сонымен қатар ол әлі де Ұлттық өнер университетінде білім алады. Биыл төртінші курста. Ол өз оқуын әлемдік турнемен ұштастырып отыр. Тапсырмалар алып, емтиханын тапсырып жүр. Шын мәнінде әлемдік турне Димаш үшін таптырмас шеберлік сабағы, тәжірибе», — деді Димаштың анасы Светлана Айтбаева.

Димаш Құдайберген «BG Talan» қытайлық компаниясымен 1,5 жылға келісімшартқа қол қойды. Екі концерті Қытайдың Джанша және Фуджоу қаласында аншлагпен өтті.

«Димашты Ресей, Канада, АҚШ, Индонезия, ТМД елдерінен концерт қоюға шақырды. Димаш жыл сайын Қазақстанда бір концертін өткізеді», — деді Светлана Айтбаева.

Димаш Құдайберген әлеуметтік желідегі өз парақшасында ұстазына барып, еркін әңгіме айтқанын жазды.
«Ақтөбеде дәріс алған Ахмет Жұбанов атындағы колледжіме барып, ұстаздарыммен көрістім. Мені бағып-қағып өсірген өнердегі әкем, ұстазым Марат ағайымды қатты сағынып қалыппын. Мәре-сәре болып, 3-4 сағаттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Сіздің студентіңіз болғаным үшін өзімді бақытты жан санаймын. Әлі күнге дейін ағайдың алдында өзімді кішкентай бала сезініп, қобалжып отырамын», — деп жазды Димаш Құдайберген.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *