Сапарбаев мектепте концерттен байқаған жас талантқа қолдау танытуды тапсырды (ВИДЕО)

Бөлісіңіз

Бердібек Сапарбаев №55 мектептегі кезекті шаралардың бірінде ән айтқан ерекше дауыс иесіне қолдау көрсетуді тапсырды, деп жазады «Тілші». Облыс басшысы білім ордасындағы хор солисі, 6 сынып оқушысы Рахман Мәдіғалиді (суретте ортада) ауқымды шараларға жұмылдыру керек деп санайды.

Айта кетейік, №55 мектепке Бердібек Сапарбаевпен бірге «Самұрық Қазына Trust» қорының өкілдері келіп, спорт жабдықтарын тарту еткен болатын. Облыс басшысы мен астаналық меймандар алдында мектеп оқушылары концерттік бағдарлама ұсынды.

«Мына кішкентай балаға қолдау көрсету керек. Ертең желтоқсан айында өтетін ауқымды бағдарламаларға қатыстырыңдар. Кішкене демеу көрсетіп, талантын аша түсу керек. Мен орынбасарым Ербол Нұрғалиевке тапсырма беремін. Бұл мәселемен, Ләззат Аманжолқызы (Аманжолова, облыстық білім басқармасының басшысы — ред.), өзіңіз айналысасыз», — деді Бердібек Сапарбаев облыстың бас педагогына қарап.

Рахман Мәдіғали — №55 орта мектептің 6 сыныбында оқиды. Мектептегі хор жетекшісі Әлима Досмағамбетова оқушысы туралы «Тілші» сайтына қуана-қуана айтып берді.

«Мектепте «Шұғыла» хоры бар. Талай конкурстарға қатысып жүлделі орындар иеленіп жүрміз. Көп жағдайда бірінші орындар біздің еншімізде. 12 жастағы Рахманның оқу үлгерімі жақсы. Белсенді. Бокс үйірмесіне қатысып жүр», — деді Әлима Досмағамбетова.

img-20171128-wa0049

Хордың құрылғанына 3 жыл болған. Рахман көбіне жеке орындаушы ретінде немесе үш ер баладан құралған «НұРаИль» трио құрамында өнер көрсетеді. Астанадан келген қонақтар мен Бердібек Сапарбаев келгенде Рахман хордың сүйемелдеуімен жеке орындаушы ретінде «Қазағымның қанаты» әнін орындады.

Естеріңізге сала кетейік, облыс басшысы осы жылдың қаңтар айында №1 музыка мектебінің тәлімгері Рахман Сатиев деген жас талантты да байқап, оны Димаш Құдайбергенге теңеген болатын. Бердібек Сапарбаев ол кезде Рахманның Сәтиевтің орындауындағы Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін тапжылмай тыңдап еді.

«Мынадай талант иесін қолдау керек. Көзі жанып тұрған бала екен. Ертең облыстың, елдің намысын қорғайды. Біздің Димаштарды қараңдаршы, әнді қалай айтады?!», — деді сол уақытта Бердібек Машбекұлы.

Рахман Сатиев осыған дейін Bala Turkvizyon Kazakhstan 2015 байқауына қатысты.

Марат Төлепберген, «Тілші»

фото: Абылай Нәжман

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *