Ілияс Испанов: Редакцияларға хабарласып, қандай да бір материалды алып таста деп көрмедім

Ілияс Испанов: Редакцияларға хабарласып, қандай да бір материалды алып таста деп көрмедім

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов БАҚ-тағы өзіне қатысты сынды қалай қабылдайтыны жайлы «Тілшіге» айтып берді. Қолынан ұялы телефонын тастамайтын қала басшысы шамасы келгенше ақпарат құралдарын қадағалап отыратынын жасырмайды.

Әлеуметтік желіде өзі отыратынын айтқан ол газет-журнал тігіндісін үйіне алып кетіп оқитынын айтады.

«Газеттердің тігіндісін немесе маңызды материалдың көшірмесін үйге алып кетіп оқимын. Өзге облыстардың тәжірибесін көп қараймын. Әріптестерім не істеп жатыр екен деп қарап қоямын», — дейді ол.

Ілияс Испанов өзі туралы сыни материалдарды жақтыра бермейтінін жасырмады.

«Әрине, болады. Адам болған соң, кейде ренжисің. Жұмыс бабымен болса, нәтиже шығару керек. Бұрыс болса, дұрыстау керек. Бірақ, ешбір редакцияға хабарласып, ана мәтінді алып таста, мына жерін дұрыстап жібер деп айтып көрмедім. Мен редакторына қалай хабарласамын?! Ауыстыршы деп айта алмаймын ғой», — дейді қала басшысы.

img_4006

Ілияс Сапарбекұлы өзіне қатысты шулы видеоның кеңінен тарап кеткеніне қынжылыс танытады, әрі өз ойын көпшілікке әлі жеткізе алмай жүрген сыңайлы.

«Менің жұмысым оңай емес. Күні-түні шапқылап жүгіреміз. Таң атпай рейдке шығамын. Өйткені, күндіз басқа жұмыстар жетіп артылады. Бірде тоңып келесің, бірде жаңбырдың астында қаласың. Өзіңіз ойлаңызшы, салқын жерден жылы жерге келгенде адамды ұйқысы қысады. Сондай кезде видеоға түсіріп алған болу керек. Артымда екі-үш адам ұйықтап отырады. Неге тек мені түсіреді? Қалғып кеткен болармын. Оны апарып, ұйықтап қалды деп шулатудың қажеті не? Әрине, сондай кезде ренжимін», — деді әкім.

Испанов туралы материал шыққанда оның көптеген танысы әлеуметтік желі арқылы сілтемелерін жарыса жолдап жататын болса керек.

«Пиар қызметіңіз, БАҚ бойынша кеңесшіңіз бар ма?» деген сауалға тек бір әріптесінің көмегіне жүгінетінін жасырмады.

«Нұрлан Күнтуов әрі оператор, әрі мәтін жазады, фотоға да түсіреді. Өзге облыстағы бір әріптесімді білемін, баспасөз қызметінде жеті адам ұстап отыр. Маған сонша адамның қажеті не? Бір Нұрланның өзі молынан жетеді. Тікелей эфирге шығарады, барлық сұраққа жауап ұйымдастырады. Әкімдіктегі бөлімдер арасындағы байланысты реттеп отыр. Әлеуметтік желіде көтерілген мәселелер бойынша шұғыл әрекет жасаймыз. «Зелло» секілді топтар көп мәселе көтеріп жүреді. «Неге осындай топ өзімізде болмасқа, тұрғындар тікелей әкімдіктің парақшасына хабарлассын» деп Нұрлан бауырыма ұсыныс тастадым. Бүгінде инстаграмдағы @akimat_aktobe парақшасының оқырман саны әжептәуір болып қалғаны рас», — дейді қала басшысы.

«Зелло» демекші, Ілияс Испанов ол топтарға тек алғыстан басқа ештеңе айтпайтынын алға тартты.

«Шынымды айтсам, олардың әкімшілері кім екендерін де білмеймін. Бастысы, қаладағы барлық мәселені көтереді. Мәселе жарияланған соң, жергілікті билік әрекет ету керек. Мәселе қайда жарияланды, нәтижесін де сол жерде көрсеткен жөн. Халықта аталған топтарға сенім пайда бола бастайды. Оқырман саны да артады. Рас, кейде заңға қайшы жазбалар не пікірлер жарияланып жатады. Жалпы алғанда, билікке көп көмегі тиіп жатыр», — дейді қала басшысы.

«Испанов «Зеллоны» сатып алған, ондағы жігіттерге ақша төлеп қояды» деген алып-қашпа әңгіменің негізсіз екенін айтады. Оның айтуынша, аталған парақшаларда әкімдік жұмысы жайлы посттар контенттің 10 пайызына да жетпейді екен.

18

Ілияс Испанов қандай басылымдарды оқитынын айтып берді. Тіпті, өзі туралы жағымды материал жариялаған басылымдарды Астанада тұратын әке-шешесіне жеткізіп отырады екен.

«Бұрын «Жас алашты» оқитын едім. Мемлекеттік қзметкер болған соң, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін мемлекет саясатын жүргізгені үшін оқып отырамын. Өзім туралы материал жарық көрсе, әке-шешеме жеткізіп отырамын. Олар «Aqtobe» арнасын қарап отырады. Қанша дегенмен мен олар үшін баламын ғой. Мен туралы сыни дүние жазатын БАҚ-ты олардың оқымағанын қалаймын. Өйткені, олардың көңіл күйін түсіргім келмейді», — деп ағынан жарылды әкім.

Испанов телефонынан Nur.kz сайтының мобильді қосымшасын көрсете отырып, әрдайым қадағалап отыратынын жеткізді.

111

«Мен туралы, әріптестерім туралы көп сынап жазатын сайттардың бірі осы Nur.kz. Сондықтан мобильді қосымшасын жүктеп алдым. Күні-түні жаңарып отырады. Ал, опппозициялық басылымдарды мүлдем оқымаймын. Кезінде жұмыс бабымен Гүлжан Ерғалиеваның жобаларын қарап жүрдім. Газет-журналдар баспасөз қызметіне келеді, сол кезде шолып отыратынмын. Иә, балама (альтернативті) пікір жазатын БАҚ болу керек. Бірақ, бізде сөз бостандығы жоқ дегенге келіспеймін. Тек, сауатты әрі конструктивті дүние болсын. Шетелде, Америка мен Еуропа елдерінде заңғы қайшы жұмыс істесе, оппозицияның өзін жауапқа тартып, миллиондап айыппұл салады», — дейді әкім.

Ілияс Испанов адам құқығы, ар-намысы деген түсініктерді естен шығармау керектігін айтады.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

фото: Қамбар Мұқаш

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.