Бердібек Сапарбаев Жұбанов университетінің рейтингте соңғы орындарда екенін айтты

Бөлісіңіз

Таяуда министрлік жариялаған жоғары оқу орындарының рейтингіне Ақтөбедегі оқу орындары енбеген, деп хабарлайды «Тілші». Рейтингте тек Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңіраралық мемлекеттік университетінің аты аталған. Алайда, оның өзі соңғы орындарда. Бұл туралы облыс басшысы Бердібек Сапарбаев айтып берді.

«Білім сапасы сын көтермейді. Өкінішке қарай, ЖОО рейтингінде Ақтөбедегі 6 жоғары оқу орнының біреуі де жоқ деп айтуға болады. Тек, Жұбанов атындағы университет бар. Бірақ, оның өзі соңғы жағында», — деп атап өтті облыс басшысы.

Бердібек Машбекұлының айтуынша, көршілес Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының оқу орындары ақтөбелік университеттердің алдын орап кеткен.

«Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, тағы басқа облыстардағы оқу орындары алдыңғы қатарда келеді. Медициналық оқу орындары арасында да рейтинг жарияланды. Өкінішке қарай, ол рейтингте де Ақтөбедегі университетіміз жоқ», — деді Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, университет түлектерінің жұмысқа орналасуы да көңіл көншітпейді.

«Көрсеткіштер жақсы емес. Жұмыс берушілер, кәсіпорындар мен мекемелер біздің түлектерді жұмысқа алмайды. Себебі, білім сапасы төмен. Жастар арасында өткізіліп жатқан іс-шаралар өте аз», — деді ол.

Бердібек Сапарбаевтың пайымынша, ақтөбелік оқу орындарының рейтингте болмауы, нәтиженің де жоқтығын көрсетеді.

Марат Төлепберген, «Тілші»

фото: arsu.kz

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *