Елена Сүгіралинова-Попова, Ақтөбеден шыққан суретші: Менің «Көзім» әлемді бағындырады

Бөлісіңіз

Елена Сүгіралинова-Попова Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданынан шыққан суретші. Журналистермен байланысқа аса шыға бермейтін ол «Тілшіге» өзінің «Көз» туындысы жайлы тарқатып айтып берді.

Ерекше шығармашылығы жайлы оның айтқысы жоқ. Дегенмен, қандай ойдан туындағаны, оған не себеп болғаны және болашақта «Көз» арқылы әлемді мойындатқысы келетіні жайлы ақтарыла әңгімеледі.

img-20170912-wa0016

Елена Сүгіралинова-Попова Қандыағашта дүниеге келген. Мектеп бітірген соң, Ақтөбедегі оқу орындарының бірінде оқып, кейін жарнама саласында қызмет етеді. Шаңырақ көтеріп, кейін Астанаға қоныс аударады. Өмірлік жары Данияр Сүгіралин — Ақтөбеден шыққан жазушы. Бүгінде шығармашыл жұп Алматы қаласында тұрады.

img-20170912-wa0012

img-20170912-wa0013

«Ұлымды дүниеге әкелерде клиникалық өлімге душар болдым. Көп мөлшерде қан кетті. Көз алдымда бала армандарым елестей бастады. Бұл өмірде ештеңеге қол жеткізбеппін деп уайымдай бастадым. Осылай, жап-жас болып қыршын кетіп бара жатқаным жаныма батты деп ойладым. Жолдасыма мені өледі деген. Анам да көз жасына ерік берсе керек», — дейді Елена Сүгіралинова-Попова «Тілшіге» берген сұхбатында.

img-20170912-wa0009

img-20170912-wa0001

Бала кезінен сурет салуды жаны сүйетін Еленаның ойына адамның көзі келген. Қыл қалам ұстаса, еріксіз тек көздің суретін салып шығады.

img-20170912-wa0014

«Мен сауда компанияларының жарнама бөлімдерінде қызмет атқардым. Жақсы карьера жасадым. Сату бөлімдерін де басқардым. Дегенмен, жұмыстан ләззат алмайтын едім. Кішкентайымда қыздардың бетін бояп беріп жүрдім. Визажист болу бір арманым еді. Арман қуып, білікті мамандардан дәріс алдым. Парижге барып оқуын оқыдым. Мәскеуде әлемдік деңгейдегі визажисте оқыдым. Бүгінде Алматыдағы қымбат салондардың бірінде тек алдын ала тапсырыс қабылдау арқылы вип-клиенттерге қызмет көрсетемін», — дейді ол.

Жұмыс уақытында да, үйдің шаруасынан қолы босай қалғанда да Елена қыл қаламды алып, көздің суретін сала жөнеледі екен.

«Менің салған суреттеріме әріптестерім де, таныстарым қызыға қарай бастады. Қайда жүрсем де көзді іздейтін болдым. Түсініксіз әлем, бірақ маған күш беретін тәрізді. Содан не керек, өзім салған көздің суретін футболкама жапсырып көрейін дегем. Бір қызығы, шетелде жүргенде бейтаныс жандар тоқтай қалып, таңданыстарын жасырмай, менімен суретке түсе бастады. Бәрін айт та, бірін айт, ойдан ой туындап, киімдер сериясын шығара бастадым. Ол үшін киімге сурет басатын аппарат іздедім, Германиядан сапалы бояу алдырттым», — деп жалғастырды әңгімесін суретші.

Бір ерекшелігі, Елена бір суретті тек бір киімге басып шығару керек дегенді ұстанады. «Көз» қайталанбауы керек.

«Бір суретті барлық футболкаға баса беру дұрыс емес деп шештім. Менің ұстанымым сәл өзгеше болу керек. Көпшілікке арнап әзірлей салуды жөн көрмедім. «Көзі» бар киімді киген адам оның тек өзінде ғана, бір данамен әзірленгенін сезіну керек. Осылайша, сүйікті ісімді бизнеске ұластыруды көздедім», — дейді болашақ ойларымен бөліскен Елена.

img-20170912-wa00041

Бүгінде ол киім үлгілерінен материалдық табыс көрмегенін айтады.

img-20170912-wa0003

«Көбіне, «Көзі» бар жейделерді жақын таныстарыма тарту ете саламын. Негізгі жұмыс орным болған соң, жеке бизнеске әлі ден қойып үлгермедім. Дегенмен, программист жігіттер жақсы интернет-дүкен дайындап жатыр. Барлығы ойдағыдай болса, «Көздеріммен» әлем нарығына шыққым келеді. Арзан әрі сапасыз дүниені ұнатпаймын. Жастайымнан қымбат әрі сапалы брендтерге үйреніп қалдым. Сондықтан, Еуропа мен Америка нарығына шықсам деймін. Әлемді мойындатқым келеді», — дейді Елена Сугіралинова-Попова.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

(суреттер мен бейнероликтер Елена Сүгіралинова-Попованың жеке мұрағатынан)

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *