РИКА ТВ хабарындағы «нацист» сөзі бойынша іс қозғалды

РИКА ТВ хабарындағы «нацист» сөзі бойынша іс қозғалды

Ақтөбедегі алты қоғамдық бірлестіктің өкілдері жергілікті РИКА ТВ телеарнасының үстінен полицияға шағымданды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Белсенділер РИКА ТВ тілшісі Ләззат Сәкиеваның Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бас инспекторы, орыс тілінде сұқбат беруден бас тартқан Фархат Досмұратовты эфирден «нацист» деп атағанына наразы. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, осыған байланысты аталған факт бойынша Елек полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғаған.

— Қоғам белсенділері тілшіні жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бірақ қылмыстық іс телеарна хабарындағы факт бойынша қозғалды. Қазір эфирден көрсетілген репортажға Шымкент қаласында психо-филологиялық сараптама жасалып жатыр, — деп хабарлады полиция.

Жастардың назарын ескерткіштер мен олардың тарихына аударуды мақсат еткен акция барысында түсірілген бұл репортаж РИКА телекомпаниясының эфирінен биыл 18 мамыр күні көрсетілген.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.