Ақтөбеде тамылжытып ән салған әкімнің әйелі халықтың ықыласына бөленді (ВИДЕО)

Ақтөбеде тамылжытып ән салған әкімнің әйелі халықтың ықыласына бөленді (ВИДЕО)

Әйтеке би ауданының Ақтөбедегі күндерінде күйеуіне қолдау көрсету мақсатында аудан басшысының әйелі тамылжытып ән салды, деп хабарлайды «Тілші».

Аудан күндерін тойлауға ауыл округтерінен өнерпаздар ағылды. Әйтекебиліктер бір жағадан мойын, бір жеңнен қол шығарып, аудан мәртебесі үшін барын салып қызмет етті. 20-дан астам ұлттың тағамдары ұсынылды. Киіз үйлерге қарапайым халық емін-еркін кіріп, астан дәм татты. Спорттық жарыстар өткізілді, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Әкім күйеуін қолдау мақсатында оның жары, кәсіби заңгер, алайда бала жасынан әншілікті жаны сүйетін Дина Атамқұлова да сахнада өнер көрсетті. Ол «Көктем вальсі» мен «Алқоңыр» әнін орындады.

«Мен 13 жасымда алғаш рет байқауға қатыстым. Ата-анам заңгерлікті оқисың деген соң, заңның оқуын оқыдым. Құқық саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келемін. Әлі күнге дейін құқықтық қызметтер көрсетемін. Дегенмен, орындалмай қалған бала арманым болар, Астанада тұрғанымызда педагогтарға барып, музыкалық дәрістер алдым. Бес жылдай оқыдым. Ресейде байқауларға қатысып, лауреат атандым, гран-при алған кездерім болды. Мен заңгерлікті тастап кете алмаймын. Кейде, мүмкіндік болғанда ән айтамын. Бала тәрбиесімен айналысамын. Қызымыз тұрмыста, екі ұлымыз бар», — дейді Дина Атамқұлова «Тілшіге» берген сұхбатында.

Дина Атамқұлова Қызылорда өлкесінен, жолдасы Мәлімбет Ибрашов Орынбордың қазағы. Алматыда оқуда жүргенде танысып, кейін отау құрған.

«Алғашында ол қазақша білмейді, мен орысша сөйлей алмаймын. Әйтеуір, уақыт өте үйрендік қой. Ол қазақ газеттерін дауыстап оқиды, мен орысша оқимын. Сол кездері орыс тілін білмегенім көп жерде кедергі болатын. Тіпті, ашуға булығып, неліктен барлығы қазақша болмайды екен дейтінмін», — деп еске алады ол.

Айта кетейік, Мәлімбет Ибрашовтың Әйтеке би ауданына әкім болып тағайындалғанына әлі бір жыл толмады. Осыған дейін Астанада үш министрлікте қызмет еткен ол Ақтөбе облысының Қарғалы ауданына басшылық етті, кейін облыстық басқармаларда жетекшілік қызметтерде болды.

Марат Төлепберген, «Тілші»

img-20170716-wa0024 img-20170716-wa0023 img-20170716-wa0025

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.