Ит машинамен достасты

Ит машинамен достасты

Гүлжайнар Қалдина, арнайы «Тілші» үшін

Кешкілік жаңалықтар тыңдайын деп, теледидар қостым. Суыт хабар: «Қала көшесінде қатты жылдамдықпен  келе жатқан көлік бір адамның ажалына себепші болды…» Өне бойым мұздап сала берді. Дереу басқа арнаға бұрдым. Онда да жаңалықтар: «Жол апатынан екі адам қаза тауып, бір адам ауруханаға жеткізілді». Үшінші арнада да» қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік қапыда өзенге құлап кетті» дей ме?…

Құдай — ау, бүгінде  әркімге соқтығысып, тырнақ астынан кір іздеп, біреулерге бәле жабуға бейім тұратын пенделер көбейгенін білеміз. Енді темір екеш, темір де әркімге бір соқтығысатын болғаны ма? Тіпті, жаңалық тыңдаудан қалдық — ау…

Теледидар пультін баса бердім, баса бердім. Әйтеуір бір арнада ақындар айтысы болып жатыр екен. Міне, тура менің ойымды ақындар шырқап, ортаға салуда. Бәрекелде, жайғасып жатып, айтыс тыңдайыншы деп басымды жастыққа қойып риза көңілмен  тыңдадым.

Бір кезде…Құдай — ау, мына заманның айтыскер ақындары да темірге айналғаны ма деген ой келді. Мәссаған, айтыстың көкесі осы болды.

КаМАЗ шығып бұрқылдады.

— «Камаз деген атым бар,

айтайын деген датым бар.

Шынашақтай щеголдар,

Сөйлеуге қандай қақың бар?

Ұзақ жолда көп жүрем,

Біздер нағыз батырлар.

Біздер келе жатқанда,

Сендер тыныш жатыңдар.»

 

Ал, керек десеңіз…»Кішкентай шәйнек тез қайнайды дей ме?» Бір кішкентай көлік кәнденше шәңкілдеп ортаға атып шықты.

 

«Гүрілдеп сөйлеп тұрған КаМАЗ екен,

Денең ірі, ақылың тым аз екен.

Сенімен жарысуға шамам жетер,

Менің де жылдамдығым біраз екен» деп кеуде керді.

 

Мұрыны пысылдап, ортаға Жигули шықты.

«Сен жүрген жермен жүргім келмейді,

Сен көрген түсті көргім келмейді,

Асықпай жүріп  қоян алармын,

Камераға түскім келмейді.»

 

Осы кезде жарқ — жұрқ етіп, тура бір салтанат сарайында келе жатқандай керіле түсіп, иномарка шықты.

«Жигули мен де сені көргім келмес,

Ал, КаМАЗға жолымды бергім келмес.

Біз деген асфальттарда шуылдаймыз,

Сендердей старикпен жүргім келмес.

Пацаным алып берген провам бар,

Менен жолдың ережесін сұрамаңдар!

МАИ — де де тіреп тұр көкелерім,

Жоғарыда бар таныс бір адамдар.»

 

Осыны айтуы мұң екен, шуылдаған шет елдік «шылқымайлар» қаптады дейсің кеп…

 

Джип айтты: «Қорықпаймын, маған мейлі,

Қарсы алдымнан шықсаңдар соғам» деді.

 

Лексус шықты лепіріп: «Көресіңдер,

Менімен жарыссаңдар, өлесіңдер!»

 

Осылай  мақтанды кеп көлік біткен,

Крутой маркаларға желік біткен.

 

Бірі ашудан от алып, ыңыранды,

Енді бірі жолына тұрып алды.

 

Сақта, Құдай, ашудың қырсығынан,

бірі келіп бір перді тұмсығынан.

 

Біреуі қашып еді ортасынан,

Тағы бірі кеп түйді жамбасынан.

 

Мәнісін білмеген соң төбелестің,

кімге- кім соқтығысты — білмеді ешкім.

 

Бір — бірін соғады да, кектенеді,

…Осы сәт полицейлер жеткен еді.

 

Бастаған КаМАЗ еді ең басында,

«Араласпаймын ондай болмашыға,

Білмеймін, мен ештеңе көргенім жоқ»

Деп КаМАЗ кете берді жолға асыға.

 

Келбеті жылтыр екен — жиғаны алтын,

«Түк кінәм жоқ» деп сызылды иномаркің.

 

Джип айтты: «Бізге қарсы шығады»деп.

«Ескі — құсқы жигули кінәлі» деп.

 

Ал, лексус асфальтқа шырт түкіріп,

«Джиптікі дұрыс!» деді күліп тұрып.

 

Полицейлер бұл сөзге сенген еді,

жигулиге «Сотталасың» деген еді.

 

Ал, жигули сотталып барады ақыр,

«Мен емес» деп шырылдап бара жатыр.

 

Мен шошып ояныппын.

Түсім екен,

Далада шәуілдеген күшік екен.

Кезінде қасқыр соққан кәрі тазы,

Бүгінде қайраты кем, ісі бөтен.

Ал, оған шәуілдеген жас күшіктің,

Қайраты тойып тамақ ішуде екен…

Жигулидің астында арлан жатса,

Ал, күшік иномарка ішінде екен.

Бұл — қалтаның күші ме екен?…

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.