Ақтөбелік ақын дастарханға тентек су қойып, тарыны ұмытып кеткен Шығанақтың жерлестерін сынға алды

Ақтөбелік ақын дастарханға тентек су қойып, тарыны ұмытып кеткен Шығанақтың жерлестерін сынға алды

Ақтөбелік ақын Жақсылық Айжанов Ойыл ауданына іссапармен барғанда басынан өткен жайтты Тұңғыш президент атындағы саябақта өткен кеште көрермендерге айтып берді, деп хабарлайды «Тілші».

«Ойыл ауданы — тарының отаны. Мен іссапармен ол жаққа барғанымда бір әкім жайнатып дастархан жайды. Онда барлығы бар. Тіпті арақ та қойды. Алайда, бір затты ұмытып кетті. Дастарханға тары қойылмады. Содан мен қолыма қалам алып, «Шығанақпен сырласу» атты өлеңімді жаздым», — деді Жақсылық Айжанов.

Рас, ақын бұл жайттың қай әкімнің тұсында, нақты кім ақынның тарыны ұмытып кетіп жатқаны толық баяндамады. Дегенмен, жиналған көпшілік алдында тарының атасы Шығанаққа арнап шығарған туындысын оқып берді. Онда:

«Шықа, Сізді сағындым — жаның ізгі,

Аңыз болған және де тарыңызды.

Өзіңізді аңсасақ, Ойылыңа,

Құдіретсің, жинадың бәрімізді.

Шықа,

Елің аман, жер тыныш, көшелімін,

Ел ұмытса ерлерін өседі кім?

Күрең шайдан тары исі бұрқырайтын

Неткен керемет ед кешегі,

Кешегі күн…,

— деген жолдар бар.

Айта кетейік, танымал ақын Гүлжайнар Қалдинаның бастамасымен Тұңғыш президент атындағы саябақта жергілікті ақындар мен жергілікті ақындардың бірлескен кеші болып өтті. Оған облыс аумағынан 30-дан астам адам жиналды.

«Мұндай шара алғаш рет қолға алынып отыр. Аға буынды да, жас ақындарды да жинап отырмыз. Егер, болашақта қолдау болса, тұрақты түрде өткізгіміз келеді», — дейді «Тілшіге» берген сұхбатында ақын Гүлжайнар Қалдина.

Марат Төлепберген, «Тілші»

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.